Ауыл-аймақтарда ақпараттық-түсіндіру қарқынды түрде жүргізілгенімен, салафизм-уаһабизмнің тамыры тереңге тарағандығын әлі күнге дейін сезіне алмай келеміз.
Осыдан бірнеше жыл алдын Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғадан соң жат-жұрттық ағым өкілдері мен олардың әр өңірдегі жақтастары«тақия» астында тығылып өз сенімдерін жасыруға көшті. Бір сөзбен айтқанда, «мадхализм матрицасы» атты жаңа жобаның шеңберінде уаһабизмді толығымен қолдайтындықтарын танытып, ел тізгінін ұстап отырғандарды жаңбыр жаусада су өткізбейтін шатырларына айналдырды.
Қазақстан бойынша мақсатты топтағы азаматтармен жекелеген және жалпылай кездесулер өткізіледі. Жастардың басым көпшілігі Әбу Ханифа құқықтық мектебін құндылықтарға ие сунниттік жол екендігін білсе де іштей мойындағылары келмейді. Өйткені, азаматтарымыздың саналарынан саңылау тапқандар сыналарын мықтап қаққанға ұқсайды. Ал құмыраға құйылған жалған ақпараттарды қымыздай сімірген жастар, миларының судай шайылғандарын білместен дәстүр мен дінді екіге бөліп тастауға әбден әуестенген. Сондықтан, халықтық салттан жаңылып, саңлақтардың салған сара жолынан теріс айналуда. Тіпті, қисынсыз пікірлер мен жалаң түсініктердің соңында жүріп, жапан даланы кезіп кетуге дейін даяр тұруда. Қажет болған жағдайда мемлекет мүддесін ысырып қойып,теріс идеологияны мұрат қылғандардың қолшоқпарына айналуға дайын.Осы нәрселерді ескерусіз қалдырсақ, басымызға қара бұлт үйіріліп кетуі мүмкін екендігін жоққа шығармауымыз керек деп білеміз.
Соңғы уақыттары рухани жаңғыруды қолға алып, дәстүрімізді дәріптейміз деп жаулықпен жауласып жүрген жоқпыз ба?! Осы арада Елбасының өзі дәстүрлі дінмен күресіп кетуден қайтарғандығы еріксіз еске оралады. Асылында салафилерді бейтарап немесе бейтарапсыз дей келе олардың қауіпті екендігін ұмыт қалдырғандаймыз. Жалпы айтқанда уаһабизм мектебінен өніп, өңірлерде өріп жүргендерге қолдау көрсететіндердің бетпердесін ашып көрсетудің заманы келген секілді. Әйтпесе, қазақи құндылықтарымыз бен адами болмысымызды жоюға жұмылдырылған жат-жұрттық жамағаттардың жалауын желбіретіп отырғандар жоқ емес. Олар сырт көзге шешен, сөйлеуге шебер, саясатта дағдыланып алғандар. Бір қызығы, ата заңды місе тұтпайтындар қысқа балақ пен қауға сақалды сөз еткенде аяқ-астынан «заңгер»бола қалады. Олардың басым бөлігі ашық әңгімеден жалтарып, жамағат алдында ақиқат айтудан айнала қашады. Ал жеке-дара кездесулерде бас шұлғумен ғана отырады. Басқа кезде заң қызметкері секілді құқық қорғаушылар да табылады.