«Нұр Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің магистранты Асланбек Тыныштық қоғамды алаңдатқан сұрақтарға өз пікірін білдірді.
«Елімізде экономикалық тұрғыда өркениетке жетелейтін өзгерістер іске асырылуда. Алайда, рухани тұрғыда құлдырауымыз бен құлазуымызды қалайтын қара ниеттілер де жоқ емес. Олар айрандай ұйып отырған халықты қақ жарып, жастарымызды басқа жаққа бұрып басқаруда. Сондай пиғылды мақсат еткен ұйымдар азаматтарымызды түрлі топтарға біріктіріп, жамағатты жік-жікке бөлуде. Енді сөзімізге дәлел келтіріп көрейік»,-дейді дінтанушы Астанбек Тыныштық.
Дінтанушы қауіптің күшейгенін айтып, дабыл қағып отыр.
«Алғашқыда аласұрып жүрген жастарымыздың іші-бауырына кіріп, оларға барлық уәдені үйіп-төгіп береді. Кейін адам айтса нанғысыз айла-тәсілдерді қолдана бастайды. Яғни материалдық жағдайы жақсы отбасынан шыққан бозбалалардың аңғалдығын пайдалану арқылы толық сенімдеріне кіреді. Осылайша, олардың қамын ойлаған сыңай танытып, өз дегендеріне жету жолында барлық қулыққа барады. Тіпті, ізгі амалдарды ұйымдастырған болып «садақа орталықтары» мен «қайырымдылық қорларын» әр жерден ашып қойған. Ал соңғы кездері биік мінберлерде жүргендер мен қалталы ағаларға ауыз салуды әдетке айналдырғандықтарын жақсы білеміз. Керек десеңіз, бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз беттерін басып алуға дейін келді. Міне, осындайлардың құрықтарына көбіне еліне еңбек сіңірген ер жігіттер мен қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары мен бизнес саласындағы көкелер және олардың жақындары жиі ілінеді»,-дейді дінтанушы.