Ақтөбеде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ауылда үшауысымды мектеп мәселесі шешіліп, жоғары оқу орнының 500 студенті жатақханаға орналасты, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.

 

Ақтөбенің Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимарат 320 оқушыға арналған. Жобаны жүзеге асыру үшін 700 миллион теңге бөлінді. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектеп білім беру нормалары мен қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді.

«Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының арқасында елімізде әлеуметтік саланы дамытуға зор көңіл бөлінеді. Бұған білім беру нысандарының қарқынды түрде салынуы, сонымен қатар аталмыш саланы қаржыландырудың артуы дәлел бола алады. 2017 жылы білім беру саласын қаржыландыру 17,3 млрд теңгеге көбейіп, 84 миллиардтан астам теңгені құрады. Соңғы үш жылда біздің өңірде 7 000 орындық 21 жаңа мектеп ашылды. Осы жылы Мәртөк ауданында үш бірдей жаңа мектеп оқушыларын қабылдады. Мемлекет жағдай жасап жатыр, жастардың міндеті – берілген мүмкіндіктерді бағалап, жақсы білім алу, өз елінің лайықты азаматы болу»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің студенттерге арналған жаңа жатақханасын қарап шықты.Тоғыз қабатты ғимаратта 500 студент тұратын болады. Жатақханада білім алу, бос уақытты тиімді пайдалану үшін оқу залы, интернет, жаттығу залы, демалыс бөлмесі және т.б. бар. Жатақхананың құрылысына бюджеттен тыс қаражаттан шамамен 1 млрд. теңге аударылған.