Ақтөбеде орамал тағатын оқушылар мектепке кіре алмай жүр. Бүгін олардың ата-аналары өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесу үшін әкімдікке тура барды, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.

Бүгін мектептерде сабақ басталды. Үшінші тоқсанда орамал мәселесі тағы да оқушылардың алдынан шықты. Мектепке кіре алмаған, сабақ оқи алмай жүрген оқушылардың ата-аналары жиналып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа барды.

«Біз қыздарымыздың орамалын шеше алмаймыз. Балаларымыз балиғат жасқа толды. Шариғат бойынша олардың орамалы шешілмейді. Ата-аналар мектепте жиналып, директорлар кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірақ бізде заң бойынша тыйым салынбаған. Сондықтан біз облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кіріп, көмек сұраймыз. Балаларымыздың құқығы бұзылып жатыр. Балаларымыз оқу бағдарламасынан қалып қояды»,- деді ата-ана Гүлжанар Сабенова.

Бір топ ата-ананы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдаған жоқ. Ата-аналарды Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов қабылдады.

Бір сағат кездесу өткізіп, екі тарап өз шешімдерін айтты.
«Прокуратура, дін істер басқармасы, білім басқармасы мен ата-аналар комитеті мәселені шешу үшін дөңгелек үстел өткізу керек. Біздің ұсынысымыз осы. Қазір ешқандай мәселе шешілген жоқ. Біз балаларымызды мектепке жібереміз, бірақ орамалдарын шешпейді»,- деді Гүлжанар Сабенова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева бұл кездесуді мәмілеге келу емес, ата-аналардың шағымын тыңдау деп қабылдады. Себебі, жоғары класс балалары орамалды шешпеуге бекінген. Мектепке барады, бірақ кіргізбеген соң үйлеріне қайта оралады.
«Үшінші тоқсанның бірінші сабағы басталды. Біз өз тарапымыздан бұйрық талаптарын түсіндіріп, мектептің ішкі формасын кию қажет деп жеткіздік. Егер бала сабаққа келмесе, ата-ана тікелей жауапты. Бала сабаққа бармаса ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Ондай жағдайлар кездесті»,- деді Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 338 оқушы орамалмен сабаққа барды. Арнайы мекемелер әрбір ата-анамен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Баласының білім алуын құптайтын, алдына білімді қоятын ата-аналар келісіп жатыр. Бұл мәселе түбі келісімін табады деп санаймыз»,- деді Жолдас Қалмағамбетов.