Ақтөбеге келген BI Group жеңіл атлетикалық манежді 3,5 миллиард теңгеге салуды ұсынды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев нысан құрылысының бағасын тағы бір қарап шығару тапсырды, деп хабарлайды ӨЖЕТ ақпарат.

Ақтөбедеоблыс әкімдігі жанындағы қала құрылысы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын кезінде BI Group құрылыс компаниясы жеңіл атлетикалық манеждің жобасын ұсынды.
«Ақтөбеде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін атлетикалық манеж жоқ. Жеңіл атлеттер бар, бірақ олардың шеберліктерін шыңдайтын лайықты жағдай жоқ», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жоба бойынша жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы 3,5 млрд. теңге тұрады. Спорт ғимаратының жалпы аумағы — 8 мың шаршы метр. Көпсалалы манежде турнирлер мен жарыстардан басқа бұқаралық мәдени, ойын-сауық шаралары да өткізілетін болады. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жоба құны қымбат, қайта қарау қажет екенін ескертті. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынуы мүмкін.

Жанар Қайнарова