Ақтөбе қаласының іргесінде тұратын саяжай тұрғындары қыста қар суын ерітіп ішеді, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі
Қала шетіндегі Шаңхай ауданының түбінде орналасқан «АЗХС» саяжай тұрғындары ӨЖЕТке жанақайларын жеткізді. ХХІ ғасырда әлі күнге дейін қар суын ішіп отырғандарындардың дені ауылдан көшіп келгендер.

«Суды Шаңхай ауданындағы «Бан» деген жерден жазда арбамен, қыста шанамен тасимыз. Ол жер бізден бес шақырым қашықта орналасқан. Саяжай тұрғындарының барлығы сол жақтан тасып ішіп отыр. Оны тамақ пен шайға ғана пайдаланамыз. Ауладағы құдықтан ащы су шығады. Оның суына жуынамыз, кір жауамыз. Күн аязда құдықтың суы қатады. Бес шақырым жерден су тасу да қиындап кетеді. Сол кезде қардың суын ерітіп ішеміз. Қазіргі жағдайда су мәселесі өте қиын болып тұр. Жағдайымызды облыстық мәслихаттың депутаттарына, «Ақбұлақ» мекемесінің басшыларына да айттық. Осы мәселелерді шешіп берсе, біз үкіметтен ештеңе сұрамас едік. Күнара бес шақырым жерден 7-8 бөшкемен жүз литр су тасимыз. Үйде қаншама бала бар», — дейді саяжай тұрғыны Бақыт Қонарбаева.

Саяжайда тұратын көпбалалы ана жыларман күйде жағдайын айтты.
«Қоғамдық көлік мәселесі де қиын. Үйде екі мүгедек балам бар. Сол екі баланы емге апарғанда автобусқа жете алмай қиналамыз. Мен сол екі балаға қараймын. Сондықтан жолдасым ғана жұмыс істейді. Қаланың іргесінде тұрғанымызбен жағдай қиындап барады. Біз үшін әсіресе ауыз су үлкен мәселеге айналды», — дейді Бақыт Қонарбаева.

Саяжай төрағасы да ауыз су мәселенде әкімдіктен көмек ала алмай отырғанын жасырған жоқ.