Ақтөбе қаласы, Жаңақоныс ауылдық округінің әкімдік ғимараты болған нысан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мекеніне айналды, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.

Ақтөбеде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар Жаңақоныс аулындағы бұрыңғы әкімдік ғимаратына көшіп алған. Бұрын ауыл әкімі отырған ғимараттың әр бөлмесінде бір отбасы тұрады. Алғашында мұнда су, жылу болмаған еді. Қазір жылу берілді, су бар. Тіпті көмек қолын созған қарапайым адамдар су жылытатын құралдар мен автоматты кір жуу машинасын қондырып берді. Әжетхана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылды. Мұнда тұратын Олеся Летавскаяның айтуынша, көмек беріп, азық-түлік пен киім-кешек таситындар көбейіп, бос бөлмелерге адамдар қоныстанып жатыр. Қазір мұнда 8 отбасы тұрып жатыр. Бір қызығы, әкімдік әрқайсысына сұқбат бермеу қажет екенін алдын-ала ескертіп қойған.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2016 жылдың желтоқсан айында дағдарыс орталығы ашылды. Бірақ кәсіпкер мен әкімдік мәмілеге келе алмай, жабылып қалды. Ол орталық отбасылық қиындыққа тап болған, сәтсіз күндерді бастан өткеріп жатқан адамдардың панасы болуы тиіс еді. Бірақ жоспар орындалмай, әкімдік пен кәсіпкерлер мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында күрделі жөндеу жүргізілген нысан пайдалануға берілмей қалды. Кейін күйеуінен зәбір көрген әйелдердің бәрі «Малика» дағдарыс орталығына жатқызылды. Кәсіпкер екі үйді жалға алып, мемлекеттік тапсырысты орындап отыр.