Журналист Шара Елеусіз «Ozhet.kz» порталына жат ағам жетегіне ергендер қазақы қаймағы бұзылмаған Ырғыз ауданына да жеткенін айтып, дабыл қаққан болатын. Әдетте «бәрі жақсы» деп есеп беретін аудан шенеуніктері мұндай сыни пікірді күтпеді. Кейін облыс орталығынан арнайы топ барып, мәселенің мән-жайын анықтауға кірісті. Тіпті бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Ozhet.kz» сайтында жарияланған Ырғыздағы діни ахуал туралы пікірім біраз резонанс туғызды. «Республикадан, облыстан комиссия келе жатыр екен» деп дүрліккен жергілікті билік менің өзіме тіс жармағанымен… құрылтайшымды жерден алып, жерге салды. Ол өз кезегінде маған қоңыраулатып…
Бірақ өркениетті түрде кездесіп, мәселені шешуге мүмкіндік қарастырмаған аудандық ішкі саясат, аудандық білім бөлімінің басшылары облыстан келе жатқан қонақтарды жолдағы Қалыбай аулынан күтіп алып, сол жерде халықпен кездесу өткізеді. Одан соң Қызылжар ауылының мектебінде бас қосады. Әрине, «ауданнан келген ақ байпақтың» алдында қарапайым халық ештеңе айта алмайды. Себебі, сол мектептерде балалары, келіндері жұмыс істейді. Бір қуаныштысы – осы жиындардан соң облыстан келген комиссия мүшелері облыстық дін басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Мұқанов, теолог-ғалым Мәди Оралбаев менің жұмысыма арнайы соғып, аудандағы жалпы діни ахуал жөнінде пікір алысты. «Аттандамай-ақ» шешілетін көп дүние бар екеніне көз жеткіздік. Әсіресе, сауатты, жан-жақты маман Сәбит Мұқанов менің пікіріммен толық келісетінін, «ауруын жасырған – өледі» демекші, мұндай жағдайлардың алдын алу қажеттігін айтып өтті. Болашақта бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдірді.
Ал аудандағы дін мәселесі әзірге басы ашық күйінде қалды. Халықты қойдай тоғытып, «иә» деген пікірін алу оңай, ал жекелеген теріс бағыттағы адамдармен оңтайлы жұмыс жүргізу, исламға жат діни ағымдардың алдын алу – күнде және үздіксіз жүргізілетін шаруа. Ол қағазда «жоқ» деп есеп берумен шектелмейді»,- деп жазды журналист Шара Елеусіз.