Ақтөбеде мектеп асханасын жалға алып отырған бір топ кәсіпкер арызданып жатыр. Кәсіпкерлер қысым көріп, қала әкімінен, депутаттар мен прокуратура, білім бөлімінен көмек сұраған. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жасалып жатқан заңсыз тексерістер, өткен күнмен қойылатын келісімшарттардың көбейіп кеткенін айтқан кәсіпкерлер жанайқайларын жеткізді.

«Қала мектептерінде жетім және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру үшін байқау өтеді. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов биыл балалардың тамақтандыруын ұйымдастыруға заңсыз нұсқаулар берген. Тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты әр мектеп заңсыз байқау ұйымдастырып, оны қалалық білім бөлімінің сайтына орналастырды. Қалалық білім бөлімі қандай негізге сүйеніп заңды бұзып отыр? Қаржы бөлімі жалға алуға қатысты келісімшарт талабын қабылдамай, қитұрқы заттар жасап отыр»,-дейді құзырлы орындарға хат жазған кәсіпкерлер.
Кәсіпкерлер қазіргі уақытта қала мектептеріндегі жетім және аз қамтылған отбасы балаларын өз қалталарынан тамақтандырып отырғанын айтқан.
«Жақында қала әкімінің орынбасары қызметіне келген Күлпаршын Айдарханова құзырлы орындардың рұқсатынсыз және еш ескертусіз мектептерге, оның ішінде асханаларға тексерулер жасады. Ас үй, мұздатқыш, қоймалардың барлығын арнайы киімсіз, көшеде жүрген аяқ киімімен аралап шықты. Қолын жумай балаларға дайындалған тамақтың дәмін татты. Ол этикаға сай келмейтін қылықтарымен өзін өте дөрекі ұстап, дауысын көтеріп сөйледі. Біз мемлекеттік мекеменің асханасын жалға алып отырмыз. Ақшасын төлейміз, ол жерге жылына жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Салық төлейміз. Сондықтан біз әкімдік қызметкері мен қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының әрекеті заңсыз деп санаймыз»,-дейді бір топ кәсіпкер.
Осыған дейін қаладағы бірнеше жеке балабақшаның басшысы болған шенеунік өзінің заңсыз әрекет жасамай отырғанына сенімді.
«Мен заңсыз ештеңе жасаған жоқпын. Арыз жазған қай кәсіпкер? Менің одан хабарым жоқ. Мен ешқандай арызды көрген жоқпын, маған ештеңе көрсетпей-ақ қойыңыз. Мен ешкімге қысым көрсетіп жатқан жоқпын. Қарап жатсақ, ол мектептерге барсам, жұмысын тексеремін. Ол мектептерді қарауға менің құқым бар»,-дейді қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.