Бүгін тұрғындарға есеп берген облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың кездесуіндегі өзекті сауал – журналистер мәселесі болды. Әкім тілшілердің ар-ұяты туралы сөз қозғады.

Осыған дейін ұйықтаған шенеуніктерді суретке түсіретін журналистерге шара қолдану керек деп ашуға берілген әкім бұл жолы да тілшілер мәселесінен айналып өте алған жоқ. Әкім өңірге қатысты сын материалдардың көптігіне реніш білдірді.

Әкімнің есебі кезінде бұл пікірді қолдаушылар да табыла кетті.

«Соңғы кезде БАҚ көп жағдайда өңірімізден кемшілік іздеп жүреді. Таңның атысы, күннің батысы келеңсіз жағын көрсету етек алып барады. Менің ойымша, бір боламын деген халықтың ісі емес. Әрине, сын болу керек. Сын шын болсын. Дей тұрғанмен облыстың жетістіктері, игілікті істері де айтылсын. Біздің халық мынаны түсіну керек, өнер де, БАҚ та халыққа тек хабарлаушы емес. Олар халықты тәрбиелеуші. Біздің мекеніміздің басқа өңірлерден кем болмағанын қалаймыз. Ақтөбені ақылды қалаға айналдырамыз десек, БАҚ-тың мәдениетін көтеріп, халықтың көзін ашу керек деген тілек айтар едім»,-деді профессор Алтай Тайжанов.

Профессордың бұл сөзіне облыс әкімі қолдау білдірді.

«Айтқаныңыз дұрыс, әрбір Қазақстанның азаматы Қазақстан заңдарын сақтау керек. Талабын, тәртібін. Баспасөз туралы да заң бар. Ақтөбеде тұрғаннан кейін Ақтөбеге жан ашып, Ақтөбенің патриоты болу керек ғой. Әрине, енді бәрі жақсы деп айтуға болмайды, тырнақтың астынан кір іздей берсең, табыла береді. Мен әрдайым баспасөз қызметкерлерімен кездескенде «ешқандай бір жасыратын нәрсе жоқ, келіңіздер, мәліметті алыңыздар, бірақ, ақты ақ, қараны қара деп жазыңыздар» деп айтамын. Енді ол кісілердің ұяттары , намыстары білсін өздерінің»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Сапарбаев журналистерге тағы да осылай ескерту жасады. Негізі Ақтөбенің жетістігі айтылмай жатқан жоқ. Оны бүгінгі әкімнің есебінен көруге болады. Кездесуді «Ақтөбе» телеарнасының кем дегенде бес операторы түсіріп жүрді. Бір ғана жиын үшін бұл түсіру тобы көптік етпей ме? Жергілікті телеарна түсіру тобын түгелімен әкімнің есебіне жинап әкелгені қалай?

Әкімнің есебінде Ақтөбенің журналистеріне алғыс айтқандар да табылды.

«Жиналыстан тып- тыныш кете қойсам деп едім. Сіздің әңгімеңіз, Тайжанов мырзаның жаңағы сөзі қосымша ой тудырып тұр. Тайжанов мырза «журналистер жаза береді» деп айтады. Мен журналистің талайын көргенмін. Тайжанов мырза, журналистке барған адамның бірі мен. Олар адамның ішкі айқайын жазады. Оларға біз қол ұшымызды беріп отыруымыз керек. Бәке сізге айтарым, халықтың мұңын тыңдайтын нағыз қоғамдық кеңес құру керек. Ренжімеңіз, Бәке, қазір онда отырғандар бұрын қызмет жасаған адамдар. Қазір заң жоқ. Прокуратурада заңды бұзған адам отыр. Көзінше айтамын. Сотың да солай. Бір қағазға шешім шығарып береді. Соны құшақтап айлап, жылдап әділдік іздеп жүресің. Халық содан ашынады»,-деді тұрғын Бақытжан Құрманов.

Журналистерге ренжіген Алтай Тайжанов, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев кездесу кезінде тілшілердің қай материалы шындыққа жанаспайтынын, жалған екенін баса айтпады.