Ozhet.kz тілшісі инфрақұрылым жетістіктерінен ада қалған «АЗХС-1,2,3,4» саяжай тұрғындарымен тілдесіп қайтты. Қаланың іргесінде тұрып, көгілдір отын қызығына қол жеткізе алмай отырған саяжайлықтар жаңа жылдан не күтеді?

«Өзім көпбалалы анамын. Үйіме газ кіргізе алмай отырмын. Шиеттей баламен оған қаржымды жеткізе алар емеспін. Газ тарту үшін 410 мың теңгеге рұқсат алу керек екен. Оны кіргізуге миллион теңгедей қаржы керек. Бар ақшамыз отынға кетеді. Әкімдіктен көмек сұрап шаршадық. Жылда үш- төрт тонна көмір алатын едім. Биыл ақшаның тапшылығынан оны да ала алмай отырмын. Қазір ағашпен отырмыз. Көмірдің тоннасы 14 мың теңге болып кеткен. Күн көріс үшін осы мәселеміздің шешілуін жылда армандаймыз», — дейді саяжай тұрғыны Бақытгүл Ержігітова.
«АЗХС» саяжайында тұратын тағы бір күміс алқалы ана көгілдір отын қиындығын көріп отыр.

«Алты балам бар, бірінші жолдасым қайтыс болды. Одан екі балам қалды. Екінші рет тұрмыс құрдым. Балаларым кішкентай. Газ құбыры қол созым жерде тұр. Газ жеткізуді «ұтып алған» компаниялар оның рұқсатын жылда қымбаттатады. Жолдасымның бір айлығына қарап отырғаннан кейін газ кіргізуге шамамыз келмей отыр.
Отынды ағаштай аламыз. Көмір қымбат, кеше 3000 теңеге екі қапшық көмір әкелдік. Оның қай уақытқа дейін жететінін ойлай беріңіз»,-дейді Бағдагүл Испанова.

Көпбалалы аналар қораларына кіргізіп, қыстық отындарын да көрсетті. Қапшықтың түбінде қалған көмір мен азғантай ағашты көпбалалы отбасы әупірімдеп отыр.