Тым-тәуір Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда директор болып жүр едім. Бір күні аяқ астынан әкем қасына шақырып алды.
— Осы, сен, өз орныңда отырмысың?!- деп төбеден түскендей қойып қалды.
— Әрине, біреудің орны не керек? Өз кабинетім, өз орындығым бар.
— Балам, сөздің төркінін түсінбедің-ау. Өз орның дегенде осы атқарып отырған қызметің саған лайықты ма?
— Жаман емес, қолымнан келгенше тырысып келемін.
— Сен, халқыңды күлкіден айырдың, — деп теріс айналды.
Мен ойланып қалдым. Мұнысы несі? Түнімен төсекте дөңбекшіп жата алмадым. Әкемнің сөзінің жаны бар сияқты. Баяғыда, 1997 жылдары облыстық «Ақтөбе» газетінде журналист қызметін атқарып жүргенде де осы сөзді айтты. Мен «ЕКІ ЕЗУ» сатира театрын құрып, редакциядан кетіп қалып едім. Енді бұл сөзді екінші қайтара естіп тұрмын. Бес жылға жуық уақыт сатира театрын тастап, драма театрға басшы болғаным рас. Мына сөзден кейін, бір ай ұйқым қашты. Ақыры, өз орнында отырған облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа «ЕКІ ЕЗУ» сатира театрын қайта құруды сұрап хат жаздым. Өтінішім орындалды. Үйреншікті қызметіме қайтып келдім. Әкеме рахмет!
Ол арқамнан қақты. «Міне, дұрыс жасадың, әркім өз шамасына қарау керек. Қолыңнан келмейтін жүкті арқалама, халыққа зияның тиеді» деді. Жалпы, үлкендер дұрыс айтады. Мына өмірден өз орныңды таба алмасаң ылғи елдің күлкісіне қалатының рас. Ол түгілі үйдің ішіндегі тұрмыстық заттар өз орында тұрмаса қалай болады? Мысалы, әжетхананың ішінде азық-түлік толы мұздатқыш тұрса ше? Сол мұздатқыш өз қызметін атқара алмай ыстық ауа үрлесе, онда тағам шіриді. Болмаса ас үйге тамшылатып кір жайып қойыңыз. Немесе аяқ-киіміңізді төрге апарып шешіп тастаңыз. Шанышқымен сорпа іше аласыз ба?
Тіпті, сахнада әртістер өз рольдерін алмастырып алса өнер өледі ғой. Ал, қоғамда басқарма басшылары, әкімдер өз орындарын таппаса ше? Онда халық өледі. Рас. Қазіргі таңда жұмыстың ілгері баспауы, шешілмейтін, ұзаққа созылған дау-дамайлар мен жасампаздықты айтпағанда, жазылмайтын жараға айналған жемқорлықтың өзі де қызметте адасқан мамандардан өрбімиді ма? Бұл менің ойым.
Иә, қалай болғанда да, қазір кім өз орнында отыр дейсің?..