Ақтөбеде қаза болған полицейдің жесірі жантүршігерлік жағдайларды жайып салды. Келіншегі қайғылы жағдайдың суицид болуы мүмкін емес екеніне сенеді, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.


«Өзін –өзі атқан дегенге сенбейтін тағы бір дәлелім бар. Байбек сол қолымен жұмыс жасаған емес. Оқ сол жақ құлағының асынан кірген. Ол барлық затты оң қолымен ұстайды. «Қару сол қолымен атылған» деп жатыр. Мен осыған түсіне алар емеспін. Маған жаңа бастықтары келгенде осы жағдайдың барлығын айттым. Оның ақжүрек адам болғанын барлығы мойындайды. Марқұм жайраңдап жүретін адам еді. Оның өзіне қол жұмсайды дегенге сенбеймін. Батальон командирінің қысым көрсететінін айтып жүр. Мен осыған қатысты тергеудің жүргенін талап етемін»,-дейді Бағдагүл Жұбанова.
Байбек Қарымсақовтың әйелі сотқа жүгінуге бекініп отыр.

«Осы уақытқа дейін ол жұмыстан келгенде «шаршадым, жұмыстан кетейінші, басқа жұмысқа барайыншы» деп үнемі айтып жүрді. «Үйімізді алайық, шыда, мемлекеттік жұмыс қой, шыда» деп отырдым. Соншалықты адам өлімі жағдайына жетеді деп ойлаған жоқпын. Ол өз еңбегімен шенін жоғарылатты. Оның ішінде көре алмаушылық бар, соңына түскен адамдар жоқ емес. Полицияда адам шошырлық жағдайлар бар. Шеннің өзін сатып алатын деректер болады деп естиміз. Байбектің қандай адам екенін жұмыстастарының барлығы мойындайды»,- дейді әйелі.

ІІД тарапынан 8 қаңтар күні Ақтөбе қаласы әкімдігінің аумағынан денесі табылған Байбек Қарымсақовтың суицид жасағаны айтылған болатын. Қазір тергеу жүріп жатыр.