Таяу жылдары Ақтөбеге қытайлық инвесторлар ағылуы мүмкін. Олар өз құрал-жабдығын, оның тілін білетін жұмысшыларын ала келеді, деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.

Ақтөбе әкімдігі тұралап қалған, банкрот болған компанияларды қытайлық инвесторлар жиі ұсынды. Олардың қатарында Хромтау ауданындағы макарон цехы, Мұғалжардағы тыңайтқыш, өндіріске қажетті жарылғыш затты шығаратын зауыттар бар. Соңғы екеуіне қытайлық компаниялар қаржы салуға дайын. Келіссөздер тоқтаған жоқ, кейбір зауыт жұмысты бастап кетті. Бұған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қытайға арнайы сапары дәлел. Бердібек Сапарбаев бір барғанда бірнеше ірі компаниямен келіссөз жүргізді. Тіпті, Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми өкілдігін ашып қойды. Жұмыс ашық жүргізіліп, Қытайдан инвестиция тарту және экспортты дамыту күш алды.

Негізінен Қытай инвесторлары алдымен мұнай өндірісін қолға алды. Олар жанына қытайлық техниканың тілін білетін бірнеше мердігер компания ертіп әкелді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КазахОйл Ақтөбе» ЖШС, «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-нің соңынан «Ұлы Қабырға», «Синопек», «Восток нефть және сервистік қызмет көрсету», «Батыс мұнай» ЖШС, «Арман құрылыс» секілді компаниялар ерді. Қытайлық инвесторлармен бірлескен жоба өткен жылы 79-ға кеткен. Бұл топ тек мұнайдың айналасына шоғырланса, Ақтөбе облысына Бердібек Сапарбаев келген соң екінші толқын ағылды. Олар мұнайды емес, енді өзге кен орындарын игеруге ниет білдірді. Мәселен, Шилісайдағы ауыл шаруашылығына қажетті тығайтқыш өндіретін комбинат өнімі Ресей, Қытай, Украина, Үндістанға жіберілуі тиіс еді. Кен қоры 50 жылға жететін өндірістің жағдайы қиындап, жұмысшылары өз уақытында еңбекақыларын ала алмай қалды. Енді бұл кен орны қытайлық инвесторлардың «мекеніне» айналады. Келісім бойынша 1,4 миллион доллар инвестиция салынып, өнім шетел асуы тиіс. Ал «Norinco International» қытайлық компаниясы өндіріске қажетті жарылғыш зат шығаратын зауыттың бас мердігері болады. Олар 140 миллиард теңге инвестиция салуға дайын. Зауыт Ембі қаласындағы ірі газ құбыры маңында бой көтереді. Бұл зауытта жылына 25 мың тонна жарылғыш зат шығарылады.

Қытайлық инвесторлар салған Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауыты алғашында үн-түнсіз жұмысын бастап кетті. Вице-министр Асқар Мамин  өңірге сапары кезінде өндіріспен танысып, кейін инвестициялық форумға келген кәсіпкерлер мен қонақтарға таныстырылды. Алғашында мұнда бірыңғай қытайлық жұмысшылар еңбек етті. Себебі, құрал-жабдықтың бәрі Қытайдан әкелініп, жергілікті жұмысшалар оның тілін білмеді. Бұл зауыттағы шикізат жартылай дайын өнім. Мұнай өндірісіне арналған жабдықтарды тазартып, сынамадан өткізіп, Атырауға жөнелтіп жатыр. Инвесторлар Ресейден шикізат тасу қымбат деп Қытайға басымдық берген. Бір қызығы, бұл зауытта шығарылатын құрал-жабдықтар Ақтөбеде бар. Аса қажеттілік болмаса да қытайлық инвесторларға Ақтөбе қаласынан жер телімі беріліп, бизнесті дамытуға бар жағдай жасалды. Сонымен қатар, мұнда арнайы тұрғын үй вагондары, цистерналар дайындалады. Қазақстандық өнім атын жамылған құрал-жабдықтар темірді қиып, дәнекерлеп, бояумен ғана шектеледі. Жаңа зауытты іске қосқан «Shengyan Technology Co Ltd» АҚ табиғи газдан жаңа өнім алу үшін келісім жасап қойды. Жобаға салынатын инвестиия – 7 миллиард теңге. Міне, осы жолмен бір компания жанына бірнеше мердігерді алып жүруге әуес болып алды.