Ақтөбеде тұрғын үй салу рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ бұл сандық көрсеткіште мемлекеттің емес, жеке компаниялар мен қарапайым адамдардың салмағы басым. Жергілікті әкімдік коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке үйлердің құрылысын айтып, халықты неге жаңылыстырып отыр?

Ақтөбенің қай жеріне қарасаңыз да қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Тіпті коммерциялық мекемелер жерге таласып, бәссаудаға түскен кезде бар беделі мен мүмкіндігін салып жатыр. Қазір Батыс-2 ауданындағы көпқабатты тұрғын үйге арналған жердің бағасы қымбат. Кәсіпкерлер де бәссаудада құны еселенетін жердің бағасын айтып, жиі шағымданады.
Жан-жақтағы құрылысты қараған кезде елдің даму жолына түскенін, құрылыс индустриясының қарқын алғанын көреміз. «Нұрлы жер» бағдарламасымен де коттедждер мен таунхаустар бой көтерді. Бірақ бәрі ақылы. Қарапайым халық үшін тегін ештеңе жоқ. Есесіне әкімдік тұрғын үйдің әр шаршы метрін есептеп, оны мемлекет есебінен салып, пайдалануға берген секілді есеп береді. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында 792 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекорд. Бірақ мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасы мемлекет есебінен салынған үйге қол жеткізу мүмкін емес. Себебі, мұндай үй пайдалануға берілмеді. Есесіне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы берілетін несиелік, жалға берілетін пәтерлер қатары көбейді. Есептеп көрелік, 792 мың шаршы метр үйдің 250 мың шаршы метрден астамы коммерциялық тұрғын үй болып шықты. Ал жеке адамдардың үлесі 308,7 мың шаршы метр болды. Сонда бар болғаны 234 мың шаршы метр пәтер жалдамалы, несиелік жолмен беріліп отыр.
Биыл бұл үрдіс жалғасады. Барлығы 850 мың шаршы метр үй салынады. Оның 283 мың шаршы метрі коммерциялық, 316 мың шаршы метрден астамы жеке тұрғын үй. Түсініксіз, әкімдік өз есебіне жекенің үйін неге қосады? Әлде…