Ақтөбеліктер өз жеріне отырып, газды қытай компанияларынан сатып алатындарына өкініш білдірді. Ел ағалары Бердібек Сапарбаевқа жергілікті әкімдіктің бағаны бақылай алмайтыны, газ бағасы тұтынушыларға жеткенше саты сайын қымбаттайтынын айтып, төтесінен сауал қойды деп хабарлайды ӨЖЕТ тілшісі.

Ақтөбеліктер тарифтің көтерілгенін жиі айтып, өз пікірін білдіргенімен, өзгерген ештеңе жоқ. Жаңа жылдан бастап барлық коммуналдық төлем өсіп, жарық, су, жылу, газ құны қымбаттады. Ақтөбе әкімдігінде өткен жиын кезінде «2015 құрылыс-монтаж жұмыстары қауымдастығының» өкілі әкімдерге сауал қойып, министрліктен жауабын біле алмағанын айтты.
«Қазіргі кезде газдың текше метрі 10 теңгеге жетті. Энергетика министрлігіне тариф туралы хабар берген кезде ведомсто «біз газды қытайлық компаниядан сатып аламыз» деп түсіндірді. Қоғам бар, мемлекет бар, кен бар, бірақ қытайлық компаниядан газ сатып алып отырмыз. Неге? Зауыт газдың текше метрін 2 теңгеден сатады. «ҚазТрансГаз» АҚ-ы газды алып, 4 теңгеден сатады. Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на жеткенде 6 теңге болады. Қарапайым халық 9,7 теңгеге сатып алып отыр»,- деді «2015 құрылыс-монтаж жұмыстары қауымдастығының» өкілі.
Ақтөбеліктің сұрағына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауап берді.
«Қазақстандағы ең арзан газ Ақтөбе облысында. Бағасын Үкімет бекітеді. Біз Қытай компаниясымен, яғни, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен келісеміз. Олар басқалармен салыстырғанда бізге жеңілдетіп береді. Тариф жөнінде жұмыс істейтін департамент бар. Тыңдауда түсіндіріп айтты. Әрдайым жұмыс істейміз. Тариф негізсіз көтерілмейді»,- деді Бердібек Сапарбаев.