Моңғолиядағы бүркітші қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызы «Asia Game Changer Awards 2017» сыйлығына ие болды. Бұл туралы Аsiasociety.org сайтынына сілтемемен Kaznews.mn ақпараттық порталы жазады. Аталған  сыйлықты қаршадай қазақ қызына «Eagle Huntress» фильмі арқылы гендерлік тосқауылды еңсергені үшін берілген.

Айта кетейік, сонымен бірге осы аптада қыран бүркіт баптап, қырдың қызыл түлкісін аулап, әлемге танымал болған қазақ қызын Моңғолия премьері Ухнаагийн Хурэлсух (Khurelsukh Ukhnaa) мырза қабылдады,

 АҚШ киногерлерінің «Бүркітші қыз» фильмі арқылы әлемге танымал болған Айшолпан Моңғолия премьерімен болған кездесуге қазақтың ұлттық киімін киіп барған.

Аталған елдің премьері Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында Айшолпан бас кейіпкер ретінде түсірілген фильм Моңғол елін әлемге танытқанын жазды. «Әлем халқының мақтанышына айналған бүркітші қызды қабылдап, жүздестім. Бүркітпен саятшылық құру дегеніміз кішкентай қыз тұрмақ ер жігіттер үшін де ерлік пен батылдықты талап ететін қиын шаруа. Ал, Айшолпан сексенге жуық ер азаматты шаң қаптырып, бүркітшілер мерекесінде алға шықты. Ол туралы жасалған деректі фильм әлем елдерін елең еткізді. «Азия құрлығын жаңғыртушы мәртебелі тұлға» деген абыройлы сыйлықтың иегері болып, Моңғол елінің дүниежүзілік аренада беделін көтерді», — деп мәлімдеді ел премьері өз жазбасында.