Ақтөбеде Есет батырдың 350 жылдығына орай бірнеше шара өтті. Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ жерінде батырдың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе бүгін қазақ жерін жоңғарлардан қорғаған, Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған Есет батырдың 350 жылдығына орай бірнеше шара өткізді. Батыр кесенесіне барып, рухына тағзым етті. Кесене маңында мемориалдық кешен бар. Онда шағын мұражай ашылған.
Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров айтуынша, мемориалдық кешен 2013 жылы салынып, бір бөлмесі мұражайға берілген. Музейде батырдың үзеңгілес серіктеріне арналған деректер бар. Сонымен қатар, Есет батырдың қызы Ботагөз батырдың өмірі туралы ақпарат беретін арнайы тақта ілулі тұр.

«XVIII ғасырдан жеткен батырдың кіреуке сауыт бар. Есет батырдың сауыты 8 келі болады. Сауыттың түпнұсқасы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ал көшірмесі батыр жерленген жерде тұр. 2013 жылы жергілікті мүсінші Кенбай Жәдігер батырдың мүсінін сомдады. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың ортасында ел аузындағы деректер бойынша батырдың қайтыс болған уақыты жазылып, халық белгі қойған. Осының бәрі музейде тұр»,- деді Айбек Ертеміров.

Батырға арналған мерейтой кезінде Бестамақ ауылына Есет батырдың ескерткіші ашылды. Жергілікті кәсіпкерлер қаржы бөліп, биіктігі 5,5 метр болатын ескерткіш орнатылды. Мүсінші — Ерлан Пірімбетов.

«Ұлан байтақ елімізді сақтау үшін бабаларымыз қан төкті, өздерінің ерліктерін көрсетті. Тарихсыз болашақ болмайды. Тарихтың бір бөлігі — Есет батыр бабамыз. Бабамыз қазақтың жерін сақтап қалу үшін ерлік көрсетіп, Әбілқайыр хан бастаған қолмен қазақтың елін, жерін сақтап қалды. Біз әруақытта бабаларымыздың алдында басымызды иеміз. Ескерткіштің ашылуы ұрпақтың Есет батыр алдындағы бір борышының орындалғанын білдіреді»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Есет Көкіұлының 350 жылдығына арналған шараға батырдың ұрпағы, композитор, жазушы Илья Жақанов қатысты.

«Бүкіл қазақ даласы осындай ескерткіштермен байтақ галереяға айналды. Рухымыз, әруағымыз көтеріліп жатыр. Бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ осы рухпен өссін. Осы өмірді көрген біз бақыттымыз»,- деді ол. Батырдың мерейтойы кезінде киіз үй тігіліп, этноауылда «Дала сазы» концерті өтті. «Ел тірегі — ер Есет» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, айтысқа 16 ақын қатысты. Бас жүлдені Аспанбек Шұғатаев алды. Ақынға 1 миллион теңге берілді.

Айта кетейік, Есет батыр Көкіұлы үнемі Әбілқайыр ханның жанынан табылып, ханның бастамалары мен Ресейге қосылу ойын қолдады. Ханның қасында болып, ақыл-кеңесін берді, хан мен халық арасында дәнекер болды. Бөгенбай батыр, Жәнібек батырмен бірігіп, Әбілқайыр ханды қолдады, көмек көрсетті. 1743 жылы 3 шілдеде Ресей патша үкіметінің жарлығымен Есет Көкіұлына тархан атағы беріледі.