Алматыда Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, көшбасшы, қоғам» ғылыми ағартушылық жобасы ғылыми практикалық конференциямен жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиынға мемлекет қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, алыс жақын шетелден сарапшылар, саясаттанушылар қатысты.

ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты қоғам қалыптастыруда атқарған еңбегін бірнеше пунктке бөліп айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен келісім орнаған тұрақты қоғамды қалыптастыру үшін не істеді? Біріншіден, Елбасы ата заңымызда бейбітшілік пен келісімді бәрінен жоғары қою керектігін баса айтты. Барлық сөзінде Қазақстанда ілкі заманнан бейбіт ел болғанын айтып келеді. Ол қазақ халқын өзге ұлт өкілдерінің өмірі үшін жауапкершілігін бегіледі. Президент ұлтаралық қақтығыстарға әкелетін сепаратистік пиғыл үшін жазаны ауырлатты. Сырттағы кикілжіңдерге қатысуға тыйым салды. Елде тиімді тіл саясаты жасалды. 2010 жылы Елбасы Қазақстан халқының бірлігі туралы бірегей доктрина жасады.  Үнемі этно-мәдени бірлестіктерге қолдау көрсетіп келеді. Президент қазақ халқының қонақжайлылығы, менталитетін, дархандығын әлемге паш етті. Егер өзге елде полиэтникалық құрам отралық саясат негізінде қалыптасса, бізде өзге ұлттарды депортациялау нәтижесінде қалыптасты. Бұл да баса ескеретін жайт. 1992 жылдан бастап Қазақстанға Елбасының бастамасымен 1 млн аса қандасымыз қайта оралды. Соның арқасында елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнады», — деді Зиябек Қабылдинов.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті кітапханасы директорының орынбасары Қайыпова Ботагөз бүгінгі шараның маңыздылығы туралы айтып өтті.

«Елбасы Кітапханасының күнделікті кәсіби қызметінде маңызды оқиға басталды. Бүгін  тәуелсіздіктің алтын бесігі — Алматы көшпелі жобасы аясында ғылыми конференция басталды. Мұнда алыс жақын шетелден келген ғалымдар мен сарапшылар Елбасының көшбасшылық феноменін, 25 жылдан астам тарих ішінде тәуелсіздіктің,  мемлекеттілікті қалыптастырудағы еңбегі мен рөлін талқылап жатыр. Бүгінгі конференция барысында шетелдік қонақтардың бірі Елбасының айқын дара саясатын, бірі — адами қырын, халықаралық сахнадағы еңбегін, отандық ғалымдар  ұлтаралық этносаралық қатынасты дамытудағы еңбегін айтып жатыр», — деді Ботагөз Қайыпова.

Оның айтуынша, конференция жұмысы барысында оқылған зерттеп, зерделенген материалдар түгел басылым болып шығады.

Айта кету керек, кеше Мемлекеттік орталық музейде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының көшпелі жобасы, көрме ашылған болатын. Музейге келушілерден аяғы басылар емес.

Келушілер назарына кітапхананың архив, кітап, музей қорының сирек жәдігерлері, Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, Құрандар коллекциясы, өзге мемлекет басшыларының қолтаңбасымен кітаптар, Н.Назарбаевтың шет тіліндегі кітаптары қойылды.

Астанадағы Елбасы музейінен 800 түпнұсқа қолжазба, сурет, жеке заттары әкелінді.

Көшпелі көрме Алматыда 2 айдай тұрады. Кейін көрме Қарағанды мен Шымкент қалаларына кетеді.