Бірнеше сағаттан кейін республиканың Қорғаныс министрлігінің, «Керуен» СОО-ның ғимараттары электр қуатымен қайта қамтамасыз етілетін болады деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Сағат 18:25-те «Левобережная» шағын станциясында КЛ-10 кВ-ң жұмысы ретке келтіріліп, Ұлттық кітапханаға, «Бәйтерек» монументіне, сондай-ақ, «Изумрудный квартал» бизнес орталығына жарық берілді.

Қазіргі таңда «Керуен» сауды ойын-сауық орталығы, республиканың Қорғаныс министрлігінің ғимаратын электр қуатымен қамтамасыз ететін «Левобережная» шағын станциясының КЛ-10 кВ-ын ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Шағын станцияның жұмысы шамамен екі жарым сағаттан соң ретке келтірілмек. Аталмыш нысандарда басыбайлы дизель-генераторлары жұмыс істеуде», — деп мәлімдеді қалалық энергетика басқармасында.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сенбіде кабельді желінің зақымдалуы салдарынан Астананың сол жақ жағалауындағы бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарда электр қуатымен қамту қызметі істен шыққан болатын.

Нақтырақ айтқанда, электр қуатымен қамту қызметі сағат 13:00-ден Сығанақ — Ақмешіт көшелерінің қиылысында (ТП -1088), «Бәйтерек» монуметінде, республиканың Қорғаныс министрлігінде, «Керуен» СОО-да, «Изумрудный квартал» ТК-де, Ұлттық кітапханада шектелген-ді.